Дүйсенбі, 30 қарашада қазақстандық құқық қорғаушылар елде саяси себеппен қуғындалған белсенділер қатары көбейгенін хабарлап, «саяси тұтқындардың» жаңа толықтырылған *тізімін жариялады. Тізімге жаңадан енген белсенділердің көбі «Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) күдікке ілінген:

  • Асқар Әжігүжинов (Атырау) – «Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген күдікпен қазан айының соңында Атырау қаласындағы уақытша қамау изоляторына қамалған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, марқұм Дулат Ағаділдің отбасына көмектескені үшін және қоғамдық маңызды мәселелерді талқылауға қатысқаны үшін бірнеше рет қудаланған.
  • Ұласбек Ахметов (Алматы) – «Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген күдікке ілініп, қазан айының соңында Алматы қаласының уақытша қамау изоляторына қамалған. Ол да Ағаділ асы өткен Талапкердегі «заңсыз шеруге қатысты» деп айыпталып, әкімшілік жазаға тартылған.
  • Мұратбай Баймағамбетов (Қызылорда) – «Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген күдікке ілініп, Қызылордадағы тергеу изоляторына екі айға қамалған. Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын қолдағаны үшін істі болған. Құқық қорғаушылар мәліметінше, билікті сынағаны үшін талай рет әкімшілік жазаға тартылған. Қызылордада жолақысын 50%ға арзандатуды және бензин бағасын төмендетуді, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, пикет өткізген.
  • Бағдат Бақтыбаев (Шу қаласы) – «Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген күдікке ілініп, тергеу изоляторына қамалған. Ол көктем айларында коронавирусқа байланысты карантин жарияланып, билік 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы төлеуге уәде берген кезде пошта алдындағы ұзын-сонар кезектерді түсіріп, ұсталған. Ақпан айында Алматыда жалғыз адамдық пикет өткізіп, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Шу қаласында «Қазақстанда заң жоқ» деген жазуы бар плакатпен пикет өткізген. Сол үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған.
  • Марат Дүйсембиев (Шымкент қаласы) – «"Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген күдікке ілініп, тергеу изоляторына қамалған. 29 қыркүйектен бері қамауда отыр.
  • Асқар Нұрмағанов (Қарағанды) – «Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деген күдікке ілініп, 25 тамыздан бері тергеу изоляторында қамауда отыр. Азаматтық белсенділігі үшін әкімшілік жазаға тартылған.
  • Ноян Рақымжанов (Алматы) – «Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» және «Экстремистік топтың ісіне араласты» (182-бап, 2-бөлім) деген күдікпен тергеу изоляторында отыр. Азаматтық белсендігі үшін қудаланған.
  • Шухрат Кибиров (Алматы) – ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті оны 2017 жылдың сәуірінде қамауға алып, «діни араздық қоздыру» және «терроризмді жария түрде насихаттау» баптары бойынша айыптар таққан. Сол жылы қараша айында Алмалы аудандық соты оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырған. Кибировке тағылған айыптың дәлелі ретінде тергеушілер 2014 жылы «Вконтакте» әлеуметтік желісінде «Алим Ахметов» есімімен ашылған аккаунтта жариялаған араб және шешен тіліндегі төрт діни әннің (нашидтердің – ред.) аудиожазбасын келтірген. Шухрат Кибиров сотта өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол қазір Петропавл қаласындағы ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Кибировтан басқа 7 белсендінің барлығы елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы және «Көше» партияларына қатысы бар деп күдікке ілініп отыр. Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар соңғы рет қыркүйек айында саяси тұтқындар тізімін жаңартып, оған Санавар Закирова, Асқар Ибраев, Серік Ыдырысов, Асхат Жексебаев, Абай Бегімбетов, Қайрат Қылышевті қосқан еді. Сол кезде де тізімге енгендердің көбі 405-бап бойынша айыпталған еді.

Саяси тұтқындар тізімін жаңартқан сарапшылар құрамына Ғалым Агелеуов, Лұқпан Ахмедияров, Зәуреш Батталова, Гүлмира Біржанова, Анар Ибраева, Евгений Жовтис, Ерлан Қалиев, Бақытжан Төреғожина, Амангелді Шорманбаев кірген.

Азаттық Радиосының хабарлауыша, Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, 2016 жылғы Жер митингісінен кейін сотталып, түрмеде отырған белсенді Макс Боқаев, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев та бар.

Қазақстан билігі мен билікшіл тараптар «елде азаматтар саяси пікіріне байланысты қудаланады» деген пікірмен келіспейді және «саяси тұтқындар жоғын» айтып келеді.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, жаңадан қосылғандарды есептегенде Қазақстанда барлығы 22 саяси тұтқын қамауда отыр.

Күздің басында Қазақстандағы тағы бір «Тірек» құқық қорғау ұйымы елде бұдан өзге кемінде 17 «саяси тұтқын» барын хабарлаған. Олар:

  • Макс Боқаев – Талғат Аянмен бірге 2016 жылы Атыраудағы жер митиңіне қатысқан. Кейін екеуі «әлеуметтік араздықты қоздырды», «әдейі жалған ақпарат таратты», «митиң ұйымдастыру ережесін бұзды» деген айыптармен бас бостандығынан 5 жылға айырылды. Аян 2 жылдан кейін жазасы жеңілдеп, босап шықты. Ал Боқаев ерте босату туралы өтініш жазудан бас тартты. «Жазатын болсам, тағылған айыпты мойындаған боламын» деген белсенді.

Ол қазір жазасын Ақтөбе облысындағы колонияда өтеп жатыр. Былтыр ол жаза өтеу жерін туған жері Атырау облысына ауыстыруға өтініш білдірген-ді. Бірақ сот оны қанағаттандырмай қойды.

  • Арон Атабек және Құрманғазы Өтегенов – екеуі де «Шаңырақ» оқиғасына қатысқан. Кейін сот осы оқиғаға қатысқаны үшін Атабек пен Өтегеновті жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды.

2006 жылы сот Алматының «Шаңырақ» шағын ауданында халық жерді заңсыз сатып алды деген шешім шығарды. Кейін сол шешімді орындау үшін ауданға полиция жасағы келіп, үйлерді бұзғысы келді. Бұған тұрғындар қарсы шығып, арты қақтығысқа ұласты. Онда бір полицей қаза тапты. 

  • Игорь Сычев – ридерлік блогер, «Вконтакте» желісіндегі «Подслушано в Риддере» атты қауымдастықтың иесі. 2015 ол парақшаның белгісіз мүшесіне «Риддерде дауыс беру болса, не болар еді, елестетіп көрейік» атты жазбасын жариялауға рұқсат бергені үшін «Қазақстанның тұтастығын бұзу пропагандасын» жасады деген айыппен 5 жылға сотталды. Рычев айыпты мойындамады. Жақында ол жазасын жеңілдетуін өтініп еді, бірақ оны сот қанағаттандырмады.
  • Руслан Ғинатуллин – рэп орындаушы, Павлодар қаласының тұрғыны. «Вконтакте» желісіндегі парақшасында Шығыс Украинадағы қарулы қақтығыстар мен ресейлік ұлтшылдар туралы видеоға сілтеме берген үшін 6 жылға сотталды. Оған тағылған айыптар – «ұлтаралық араздықты қоздыру» және «трансұлттық қылмыстық ұйымға мүше болу».
  • Игорь Чуприна – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. «Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі пікірі үшін «ұлтаралық араздықты қоздырғаны» және «Қазақстанның тұтастығын бұзуға үгіттегені» үшін 5,5 жылға қамалды.
  • Алмат Жұмағұлов және Кенжебек Әбішев – 2018 жылы Жұмағұлов сегіз, Әбішев 7 жылға «ұлтаралық араздықты қоздырғаны» және «терроризмді үгіттегені» үшін бас бостандығанан айырылды. Айыптаушы жақтың айтуынша, олар Алматыдағы бір кафеде бірнеше адаммен кездесіп, оларды теракт жасауға үндеген. Дәлел ретінде олардың диктофонға жазылған әңгімесін көрсетті. Басқа диктофонға жазылған әңгімеде олар  «ұлтаралық алауыздықты қоздырған»
  • Әсет Әбішев – сот экстремистік деп тапқан «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» (ҚДТ немесе орысша ДВК) қозғалысын жақтағаны үшін «қылмыстық топты қаржыландырды» және «сот тыйым салған ұйымға мүше болғаны» деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот жақында оның ерте босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Қазақстанның Демократиялық таңдауы — «БТА» банкінің бұрынғы басшысы, билікке қарсы шығып жүрген Мұхтар Әблязов басқаратын қозғалыс. Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған. Еуропарламент оны бейбіт оппозициялық ұйым деп біледі.  

  • Ержан Елшібаев – Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін көтерген белсенді. Оған белгісіз бір төбелесте белгісіз біреуді «ауыр жарақаттады» деген айып тағылып, ол 5 жылға түрмеге қамалды.
  • Оған дейін Елшібаев өзіне қысым көрсетілгенін айтқан еді. Ал туыстары оның түрмеде соққыға жығылғанын айтады. Түрме басшылығы мұны жоққа шығарды.
  • Санат Бүкенов – Балқаш қаласының тұрғыны, заңгер. Ол жергілікті билік өкілдерін (полиция бастығының орынбасары, прокурор, судья мен әкімінің орынбасары) «жемқорлар» деп айыптады. Сол үшін «жалған мәлімет берді» деп 4 жылға абақтыға қамалды.
  • Санавар Закирова – Nur Otan саяси партия құруына кедергі болды деп партияны сынаған. Биыл 15 шілдеде Nur Otan өкілінің қызы Д.Ш. (аты аталмайды) «денсаулығына залал келтірді» деген айыппен бір жылға түрмеге қамалды.
  • Асхат Жексенбаев – бір адамдық пикеттерге шыққаны үшін бірнеше рет ұсталған белсенді. «Көше» қозғалысына мүше болғаны үшін ұсталған.

«Көше» партиясы — 2020 жылдың басында құрылған қозғалыс. Сот партия қызметіне елде экстремистік деп танылған Қазақстанның демократиялық таңдауына қатысы бар деп тыйым салды.  

  • Қайрат Қылышев та «Көше» партиясына мүше деген күдікпен екі айға қамалды.
  • Асқар Ибраев – қызметіне тыйым салынған ҚДТ-ға қатысы бар деген айыппен 10 айға түрмеге жабылды. Бұрын сол үшін тек бостандығы шектелген еді.
  • Серік Идырышев – ҚДТ-ға қатысы бар деген айыппен бас бостандығы шектеліп, әлеуметтік желілерді қолдануына тыйым салынған еді. Бірақ биыл белсенді уақытша изоляторда жұмбақ жағдайда көз жұмысған Дулат Ағаділдің өліміне кінәлілерді жазаласын деген пост жариялады. Сол үшін сот оны тоғыз айға бас бостандығынан айырды.
  • Абай Бегімбетов – «Көше» партиясына қатысы бар деген күдікпен екі айға қамалды.

Ең алғашқы болып «саяси тұтқын» сөзіне сипаттама берген ірі ұйым – Еуропалық Кеңестің Парламенттік ассамблеясы (ЕКПА). Оның 2012 жылдың 3 қазанының резолюциясы бойынша, саяси тұтқын:

  • пікірі және діни көзқарасы үшін, бейбіт жиналыс ұйымдастырып және оған қатысқаны үшін түрмеге жабылған адам;
  • саяси себептерге байланысты бас бостандығынан айырылған адам;
  • жазасы оның жасаған қылмысына сай келмеген адам;
  • қамауда кемсітуге ұшыраған адам;
  • әділетсіз соттың кесірінен бас бостандығанан айырылған адам.

Десек те «саяси тұтқын» ұғымының жалпыға ортақ мағынасы жоқ. Кейбір құқық қорғаушы ұйым саяси тұтқын деп билікті сынағаны немесе саяси қызметі үшін бас бостандыған айырылған адамды айтады.

«Саяси тұтқындар деген кімдер? Олардың босатылуын кім және неге талап етіп жүр?» деген сауалға толығырақ жауапты мына сілтемеден таба аласыз.

*тізімнің аудармасы Азаттықтан

"The Qazaq Times"