Қазақстан Үкіметі былтыр пандемия басталған 1 наурыз бен биылғы 30 сәуір аралығында коронавирус жұқтырған 1773 адамды «басқа диагноздан қайтыс болды» деп ковидтің ресми есебіне қоспаған. Көктем туғалы Қазақстанда 137 мыңнан (КВИ+ 133 мың, КВИ- 4,2 мың) аса сырқат, 1751 өлім жағдайы (КВИ+ 1476, КВИ- 275)  тіркеліп үлгерді. Елде ауырғандардың жалпы саны 400 мыңнан асты.

QT редакциясының сұрағына ДенМин тарапынан берілген ресми мәліметке қарағанда, сәуір айында 154 адам коронавирустың жанама әсерінен қайтыс болған.

(!) Министрлік олардың өлімін «басқа дерттерден болды, коронавирус тікелей әсер етпейді» деп санайды. Жауапты мамандар бұл жайлы сирек сөз етеді, оның өзінде журналистердің сұрауымен. Ақпарат автоматтандырылмаған. 18 маусым 54 жағдай, 2 шілде 101, 23 шілде 319, 4 қыркүйек 556, 11 қыркүйек 576, 15 қазан 672, 9 қараша 709, 15 желтоқсан 764, 26 желтоқсан 816 жағдай, 20 қаңтар 938, 3 ақпан 1061 болып, 17 наурыз 1450, 29 наурыз 1619, 6 мамыр 1773-ке дейін артқаны хабарланды.

Министрліктің ақпараттық жүйесі бойынша коронавирус инфекциясының жанама әсерінен...   Оның ішінде өңірлер бөлінісінде: Қостанай облысында – 265, Солтүстік Қазақстанда – 255, Павлодар облысында – 240, Шығыс Қазақстанда – 165, Ақмола облысында – 159, Алматы облысында – 129, Жамбыл облысында – 108 жағдай. Ал ең төменгі көрсеткіш Шымкентте 13 және Маңғыстау өңірінде 7 кейс тіркелген.

Кейінгі екі айдан аса уақыт қызыл аймақтан шыға алмай отырған Алматы қаласында сәуірде ілеспе диагноздан көз жұмғандар күрт өсті. Өткен айда бірден 41 жағдай орын алып, жалпы жиыны 87-ге жетті. Мұндай өсім қалада ғана емес Алматы облысында да байқалды. Баталов басқаратын аймақта осы айда 36 адам коронавирус жұқса да, жанама әсерден қайтыс болды.

Оның арасында қарттар, ондаған бала, тіпті жаңа босанған ана да бар. Былтыр қараша айында 107, желтоқсанда 122 және биыл қаңтарда 123, ақпанда 389, наурызда 169 өлім тіркелген.

Осы санатта өмірден өткендердің дерегі коронавирустың мемлекеттік дерекқорына енгізілмейді. Сарапшылар мен мамандар бұған қарсы. Мұны «статистиканы мейілінше жақсартудың амалы» деп есептейді. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы мен тыныс алу жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырады. Соңғы дерек бойынша,  аурулар тобы жіктелімін ведомство былай таратады:

  • Қанайналым жүйесінің аурулары – кемінде 639 (39,5%)
  • Тыныс алу жүйесінің аурулары – кемінде 644 (39,8%)
  • Эндокриндік жүйенің аурулары – кемінде 112 (6,9%)
  • Несеп-жыныс жүйесінің аурулары – кемінде 53 (3,3%)
  • Жаңа өскіндер – кемінде 51 (3,2%)
  • Басқа жағдайлар – кемінде 274 (6,4%)
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 346,5 мыңға, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 53,5 мыңға жетті. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 400 мыңнан асты. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 6,5 мыңы (КВИ+ / U07.1 – 3948, КВИ- / U07.2 – 837, ілеспе аурулардан – 1773) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1773 адамды жалпы статистикаға енгізбейді.

2020 жылы «маусым-шілде қырғынында» 42 мың адам, ал 2019 жылы дәл осы аралықта 22 мың, 2018 жылдың жазғы екі айында 21 мың адам өмірден қайтқан. Демек былтыр кісі өлімі алдыңғы жылдан кемінде 20%-ға артты. 163 613 адамның өлімі Қазақстанды жаңа ғасырда ең жоғарғы көрсеткішпен орны толмас қасіретке ұшыратты.

ДДСҰ қайтыс болған адамнан коронавирус инфекциясы анықталса, ағзадан тыс сыртқы фактордан, яғни оқыс апаттан көз жұмғандардан басқасын Covid өлімі статистикасына қосуға кеңес берген. Дегенмен Қазақстан үкіметі райынан қайтпады. Әлі күнге дейін параллель есеп жүргізіледі: жанама әсерден қайтыс болғандар саны не мемлекеттік, не халықаралық статистикаға енбейді.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 47-орында тұр.

Билік аталған санаттағы пациенттен ПТР тесті арқылы коронавирус анықталғанына қарамастан, «басқа аурулардың себебінен қайтыс болғанын» алға тартып ортақ есепке енгізбейді. Министр орынбасары Ажар Ғиниятқызы былтыр күзде статистикадағы негізгі кемшіліктер туралы редакция тілшісімен 45 минут сұхбаттасып, әр айдың 10-ы өткен айдағы ілеспе диагноздан қайтыс болғандардың санын тұрақты түрде ресми ресурстарда жариялауға уәде еткен еді. Бірақ вице-министр сөзінде тұрмады. Ведомство бұл индикаторға тиесілі деректі тұрақты түрде емес, тілшілердің сұрауымен ғана жариялайды.

"The Qazaq Times"